Елімізде әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгермек

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.  

Елімізде әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгермек Фото: zakon.kz

Ол Үкіметтегі кеңесте азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер көрсету мәселесі бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ведомство мәліметіне сәйкес, бірінші кезең "шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуі тиіс" қағидатына негізделген және 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптастыруды көздейді.

Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіріледі. 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге мұқтаждық қағидаты негізінде мемлекеттік қолдауды атаулы түрде көрсету жөніндегі ұсыныстар айтылды.

– Мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берілуінің орынды екені, бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мүмкіндігі қаралды.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері баяндалды. Мәселен, медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталып, тиісті фактілер құқық қорғау органдарына жолданды. Сондай-ақ, әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – делінген ресми хабарламада.

Жоғарыда аталған реформалар "Отбасының цифрлық картасы" жүйесінің деректеріне сәйкес, әл-ауқат деңгейі "А" – жоғары және "В" – қанағаттанарлық санаттарына жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды.

Осы бағытта әкімдіктер "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарға сауалнама жүргізіліп жатыр.

Биылғы 1 қазаннан бастап халыққа әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабар беріле бастайды. Барлық ұсыныс бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды атаулы түрде ұсынуды қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу