Елімізде алтын ұрлаушылар үшін жазаны қатаңдату ұсынылды

1219

2019-2020 жылдары "Қазақалтын" АҚ-ға тиесілі кен орындарынан 6 216 адам қымбат металл ұрламақ болғаны үшін ұсталған.

Елімізде алтын ұрлаушылар үшін жазаны қатаңдату ұсынылды

Қымбат металдарды өндірушілер қауымдастығының директоры Ғани Сағиев кен орнынан алтын ұрлайтындар үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Директор қымбат металдарды өндіретін кәсіпорындарда алтын ұрланып жатқанын айтты.

"Кен орындарында металл ұрланып жатыр. Олар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға тиесілі. Ал мемлекетке қарамайтын кен орындарында қанша алтын ұрланып жатқаны белгісіз. Біз заңсыз алтын өндірумен күрес заңнамасына өзгеріс енгізу туралы бастаманы көтердік", - деді ол Kazakhstan Mining Online Conference and Workshops тақырыбында өткен онлайн конференцияда.

Ғани Сағиевтің айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде "Күзетілетін объектігелерге заңсыз ену" атты бап бар. Бүгінде алтын ұрлаушылардың заң бұзғаны дәлелденсе, олар 15 АЕК (43 755 теңге, 1 АЕК – 2 917 (2021)) айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады екен. Ал директордың пікірінше, бұл жаза өте жеңіл.

"Оған статистикалық деректер дәлел. Мысалы, 2019 жылдың ақпанынан 2020 жылдың қаңтарына дейінен "Қазақалтын" АҚ-ға тиесілі объектілерде алтын ұрламақ болған 6 216 адам ұсталып, полицияға тапсырылды. Оның 4 860-ы қайтадан заң бұзған. 4 302 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2015-2020 жылдары "Қазақалтын" АҚ-ға тиесілі шахтада, карьерда, үйіндіде, фабрикада қымбат металды ұрламақ болған 32 728 адам ұсталды. Оның 17 843-і қайта ұсталған", - деді Ғани Сағиев.

Ол шахталардан және карьерлерден қымбат металлды ұрлаушылардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін атап өтті.

"Сондықтан біз ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі "Күзетілетін объектігелерге заңсыз ену" бабын күшейтуді ұсынамыз. Мысалы, елімізде мал ұрлығы да өзекті мәселенің бірі ғой. Күдікті мал тұрған объектіге еніп, ұрлық жасаса, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылады. Сондықтан біз осы жазаны енгізуді ұсынамыз. Қылмыскерлер күзетілетін объектіге заңсыз кіргені үшін қатаң жаза бар екенін, ұзақ жылға сотталатынын түсінуі керек", - деп түйіндеді сөзін директоры.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу