Елімізде әрбір бесінші қазақстандық 35 жастан кейін отбасын құрады

409

"Жас отбасы" ұғымы бұрын расымен де жастарға арнап айтылса, қазіргі таңда оның мәні өзгеріп барады. Жас жұбайлардың биологиялық жасы үлкен болуы қалыпты жағдайға айналды, деп жазады inbusiness.kz.  

Елімізде әрбір бесінші қазақстандық 35 жастан кейін отбасын құрады  Фото: google.com

Energyprom.kz порталының дерегінше  2011 жылы 35 жастан асқан әйелдің тұрмыс құру үлесі 8,6%-ды құраса, 2016 жылы ол 10,5% болған, 2019 жылы 13%,ал, 2021 жылы тіпті 15,5%-ға жеткен. 

Ер адамдарға қатысты да осыған ұқсас көрсеткіштер. Айталық, 2011 жылы 35 жастан асып үйлі болған жігіттердің үлесі 13,7% болса, 2016 жылы 15,7%, 2019 жылы 18%, ал, 2021 жылы бірден 20,3% болған. Отбасын құратын әрбір бесінші жігіттің жасы орда бұзар кезеңнен асып кеткен деген сөз. 

Жалпы, біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде де орда бұзар жастан асқандардың отбасы құруы қалыпты жағдайға айналып келеді. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы  (United Nations Economic Commission for Europe, UNECE) бүкіл әлемде некеге тұратындардың орта жасы ұлғайып бара жатқанын растап отыр. Қазақстан да бұл үрдістен қалыспай келеді. 2021 жылы елімізде алғашқы некесін қиып отырған жігіттердің орташа жасы 28,  ал қыздар үшін 25,2 болды. 

Әлемдегі тұрмыс деңгейі ең жоғары саналатын Скандинавия елдерінің өзінде де некеге тұрушылардың орташа жасы ұлғайған. UNECE  деректеріне сәйкес, мысалы Финляндияда 2019 жылы 34,2 жас, Норвегияда 34,7, Швецияда 36,3 жас болған. Әйелдер Финляндияда 32,1, Норвегияда 33, Швецияда 33,9 жасында тұрмыс құрады екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу