Бұл мал басының өсуін және генетиканың сапалы жаңаруын қамтамасыз етіп, саланың өнімділігіне оң әсерін тигізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ақмола облысына барып, "Ен дала" шаруашылығының егіс алқаптарындағы егін жинау жұмыстарымен және Целиноград ауданы Мәншүк ауылындағы 2 мың сауын сиырға арналған сүт-тауарлы ферманың қызметімен танысты.
Аталған шаруашылық 46 мың га егістік жерді өңдеумен айналысады. Негізгі дақылдар – бидай (25 мың га) және арпа (7 мың га). Сонымен қатар, майлы дақылдар мен мал азықтық дақылдар әрқайсысы 4 мың га аумаққа егілген. Сүт бағытынан бөлек, мұнда қазақтың ақбас тұқымды 1,5 мың ірі қара малы және мыңға жуық жылқы өсіреді.
Шаруашылық басшысы Тимур Пшеновтің айтуынша, егіс алқаптарының шамамен 60%-ы жиналған. Бидайдың өнімділігі гектарына 16–17 центнерді, арпаның өнімділігі шамамен 16 центнерді құрап отыр. Бидайдың басым бөлігі – 1 және 2-классқа тиесілі. Сонымен қатар, 3-класс та бар.
Кездесуде фермерлерді мал шаруашылығын қолдау шаралары қызықтырды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің хабарлауынша, 1 тамыздан бастап мал шаруашылығында 50 млрд теңге көлемінде 5%-дық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылды.
Вице-премьер сондай-ақ Мәншүк ауылындағы жаңа сүт-тауарлы ферманың жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 6,2 млрд теңге. Оның ішінде 4 млрд теңге 2,5%-дық жылдық мөлшерлемемен "Үлкен жоба" аясында жеңілдетілген несие ретінде берілген.
Бүгінде фермада 2000 бас сауын малы бар. Өндірістік қуаты – жылына 12 мың тонна, тәулігіне – 33 тонна сүт. Кәсіпорында 70-тен астам жұмыс орны ашылған.
"Ауыл шаруашылығы экономиканың өсу драйверіне айналды. Оның ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 3,9% болғанымен, тасымалдау, қоймалау, қайта өңдеу және азық-түлік өндірісінің артуы есебінен жиынтық мультипликативті әсері әлдеқайда жоғары. Қазір біз жастарды ауылға тарту және ветеринар мамандығын жан-жақты қолдау бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – деді кездесуді қорытындылаған Серік Жұманғарин.