Елімізде автоматты қоңырауларға тыйым салынады

367

Жаңа ережеге сәйкес, абоненттерге қабылданбаған қоңыраулар туралы хабарламалар SMS түрінде келетін болады.  

Елімізде автоматты қоңырауларға тыйым салынады Фото: ЖИ/finrating.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер енгізіліп жатқанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Заң жобасы шеңберінде рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салу бойынша арнайы түзетулер қарастырылып жатыр.

Осылайхша ҚР Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы автоматты қоңырау мәселесіне қатысты жаңалықпен бөлісті. 

Депутат Мәжілістің пленарлық отырысында және комитет отырысында бұл мәселені министрдің алдында көтеріп, заңға тиісті өзгерістер енгізу бастамасын ұсынғанын еске салды.

"Нәтиже бар. Қазір байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Жаңа нормаларға сәйкес, қабылданбаған қоңыраулар туралы хабарламалар абоненттерге тек SMS түрінде жіберілетін болады. Яғни, ешқандай мазасыздандыратын қайталама робот-қоңыраулар болмайды", – деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында.

Депутат сөзін растау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен келген құжаттың фотосын жариялады.

"Қазіргі уақытта аталған бұйрық жобасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес пысықталуда", – делінген вице-министр Досжан Мұсалиев қол қойған құжатта.

Автоматты қайта қоңырау шалу – бұл байланыс операторларының абонентке жете алмаған жағдайда қайта-қайта қоңырау шалуына мүмкіндік беретін функция.

2026 жылғы 13 мамырда Қазақстанда автоқоңырау шалу тетігін алып тастау мүмкін екені белгілі болды. Бұл мәселе Мәжілістің пленарлық отырысында көтерілген. Асхат Аймағамбетов автоматты қоңырау азаматтарға жиі кедергі келтіретінін айтты.

Ал Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл норманы қарастыруға дайын екенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу