Қазақстанда автонесие мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекаға қатысты қарыз жүктемесінің коэффициентін (ҚЖК) енгізу мерзімі ұзартылмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жеңілдік кезеңін 2029 жылдың соңына дейін тағы екі жылға ұзарту жоспарланып отыр. Себебі бұл бағыттағы несие портфелінің жағдайы тұрақты және талаптарды қатаңдатуға қажеттілік жоқ.
Ал автонесиелерге қатысты жеңілдік тағы 1 жылға ұзартылмақ. Осылайша, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап автонесие рәсімдеуге қойылатын талаптар қатаңдатылмайды.
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, бұған дейін автонесие нарығында өсім қарқыны жоғары болған. Жылдық өсім 73 пайызға дейін жетіп, несие беру көлемі екі есеге артқан. Алайда соңғы 12 айда бұл сегменттегі өсім 13-14 пайыз шамасында тұрақтанған.
Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын отандық автокөлік өндірісін қолдау мақсатында жаңа көліктерге несие рәсімдеу кезінде қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу талабы уақытша тоқтатылған болатын. Жеңілдік кезеңі 2026 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.