Премьер-Министр Олжас Бектенов балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын автоматтарының қызметі қалай реттелетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысы балаларға арналған ойын автоматтарын реттеу туралы сенаторлардың сауалын қарастырды.
"Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай (Канада, Аустралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур), "Кран" сияқты автоматтар "ойын-сауық аппараттары" санатына кіреді және техникалық стандарттардың міндеттілігімен ерекшеленеді. Автоматтар үшін жүлденің құнына, оларды тіркеу тәртібіне қойылатын талаптар бар, жасырын алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынған және жосықсыз механизм үшін жауапкершілік көзделген.
Біздің елде "Кран" ("Хватай-ка", Crane Machine, Claw Machine, Grabber) сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғаны рас. Алайда қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналастыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз", – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сөзінше, қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар ойын автоматтарының аталған санатын реттейтін заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр:
– автоматтарды орналастыру орындары бойынша шектеу енгізу;
– автоматтар мен ондағы жүлделерді міндетті сертификаттау;
– ұтыс ықтималдығына әсер ететін жасырын механизмдерді пайдалануға
– тыйым салу;
– автоматтарды орналастыру мен пайдалануды реттейтін құзыретті органдарды анықтау;
– тұтынушыларға автоматтардың жұмыс принципі және жүлделердің құны туралы ақпарат беру жөніндегі міндет, сондай-ақ басқа да өзгерістер.
Олжас Бектенов бұл түзетулер балаларды және ата-аналарды тәуекелдерден қорғауға, ойын-сауық нарығының ашықтығын арттыруға, бизнес пен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген пікірде.