Мұндай өзгеріс Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешімінен кейін басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, маусым айында ең үлкен өзгерістер жинақ депозиттерінде, әсіресе толықтыру мүмкіндігі жоқ депозиттерде байқалған. Себебі дәл осы өнімдер бойынша табыстылық ең жоғары деңгейде болғандықтан, банктер алдымен осы сегменттегі мөлшерлемелерді қайта қараған. Мөлшерлемелердің ең айтарлықтай төмендеуі орта және ұзақ мерзімді депозиттерде тіркеліп отыр.
Сарапшылар мұны банктердің ұзақ мерзімде қаржыландыру құнының одан әрі арзандайтынын күтуімен байланыстырады.
Сонымен қатар қор банктердің депозиттік саясатында өзгерістер бірден болмайтынын атап өтті. Себебі әр қаржы ұйымы өз ішкі саясатына сай шешім қабылдайды, ал кейбір банктер бәсекелестерінің әрекетін бақылап отыр.
Қор хабарлағандай, 2026 жылғы 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендетті. Соның нәтижесінде маусымда 10 банк депозиттік мөлшерлемелерін қайта қарады. Өзгерістер депозиттердің барлық түріне әсер еткенімен, ең көп төмендеу жинақ депозиттері бойынша байқалды. Кейбір банктер депозит мерзіміне қарай мөлшерлемелерді бір жерде төмендетсе, бір жерде көтерді.
Депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеу үрдісі келесі айда да жалғасуы мүмкін. Ұлттық банк 2026 жылғы 24 шілдеде базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Бұл бөлшек депозиттер нарығындағы мөлшерлемелердің одан арғы динамикасына әсер етеді.
Соған қарамастан, теңгедегі депозиттердің табыстылығы әлі де жоғары деңгейде қалуда.