Елімізде бірқатар қаланың әуежайында "ашық аспан" режимі енгізіледі

1368

Қазақстандық әуе тасымалдаушылар Шанхай, Сингапур және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашуды жоспарлауда.

Елімізде бірқатар қаланың әуежайында "ашық аспан" режимі енгізіледі

Азаматтық авиация мәселелері бойынша өткен үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қазақстандық авиакомпаниялардың ашуды жоспарлап отырған жаңа бағыттары туралы айтып берді.

"2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында "ашық аспан" режимі енгізілді. 3 жылда қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылар 19 жаңа маршрут ашты, оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки және т.б. Қолданыстағы Лондон, Мәскеу, Бейжің, Ыстамбул бағыттары бойынша ұшу жиіліктері өсуде. Қазақстандық тасымалдаушылардың Шанхай, Сингапур, Нью-Йорк сияқты ірі қалаларға рейстер ашуы жоспарлануда", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің ақпараты бойынша, Қазақстанның 26 шет мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар.

"Жақын болашақта "Qatar Airways", "Emirates", "China Eastern", Орал әуежелілері, және т.б. авиакомпаниялардың келуі күтілуде. Біз Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында "ашық аспан" режимін енгіземіз. Біз барлық шетелдік авиакомпанияларға жетекші қаржы орталықтарына ұшуды орындау үшін 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды жоспарлаудамыз", – деді министр.

Сонымен қатар ҚР ИИДМ басшысының айтуынша әуежайларда әуе кемелері мен жолаушыларға қызмет көрсетудің әлемдік стандарттары енгізілуде, бұл сервистік қызмет көрсету бойынша негізгі қызметтерді бірыңғай стандартқа сәйкес келтіруге және сол арқылы авиакомпаниялардың шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде әуе көлігінің жердегі инфрақұрылымын жаңғырту аяқталды. Қазақстан әуежайларының 16 ұшу-қону жолағы (ҰҚЖ) мен 13 терминалы қайта жаңартылды.
Бейбіт Атамқұловтың ақпараты бойынша биылғы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш қалалары әуежайларының ҰҚЖ-ын қайта жаңарту аяқталады. Түркістан қаласында халықаралық әуежайдың құрылысы жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу