Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай жанар-жағармай нарығын іске қосу мерзімі 2030 жылға шегерілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжаттағы мұнай өнімдеріне қатысты бірнеше баптың түсіндірмесінде ЕАЭО-ның бірыңғай нарығын іске қосу 2030 жылға ауыстырылғаны жазылған.
ҚР Энергетика министрлігі мерзімнің өзгергенін растады. Ведомствоның мәліметінше, жаңа мерзім Қазақстан Республикасында 2027-2031 жылдары бәсекелестікті қорғау және дамыту тұжырымдамасының жобасында көрсетілген. Бұл шешім ЕАЭО деңгейінде қабылданған.
Бұған дейін бірыңғай отын нарығын іске қосу бірнеше рет кейінге шегерілген. Алғашқы жоспар бойынша Қазақстан мен Ресейдегі бензин мен дизель отынының бағасын бір деңгейге келтіру көзделген.
Кейін нарықты біріктіру мерзімі 2025 жылға белгіленген. Одан соң бірыңғай нарықты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу жоспарланған болатын.