banner

Елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды

685

Дәнді дақылдардың 57,8%-ы жиналды.

Елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек 2022 жылғы егін жинау науқанының барысы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, биылғы қолайлы жағдайлар егін жинау жұмыстарын уақытылы бастауға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні ел бойынша жалпы 9,2 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Ол жоспардың 57,8% құрайды. Орташа өнімділік 12 ц/га құрап, 11,2 млн тонна астық бастырылды. Жаппай егін жинау республиканың барлық өңірлерінде басталды.

"Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жинаудың жалпы алаңы 23,4 млн гектарды құрады, оның ішінде 16,1 млн-ы дәнді дақылдар. Айта кетейік, егіс науқаны сапалы тұқымдарды қолдана отырып, оңтайлы мерзімде жүргізілді. Шаруалар уақытында тыңайтқыштар салып, химиялық өңдеуді уақытылы жүргізді. Бұл өз кезегінде дақылдардың сапасына оң әсер етті. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 147,7 мың трактор, 38,1 мың астық жинайтын комбайн, 73,4 мың трактор тіркемесі бар", – деді вице-министр.

Сондай-ақ жаппай егін жинау жұмыстарын бастау үшін "Жасыл даму" АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылық техникасын жеңілдікпен несиелендіру тетігі пысықталды. Жеңілдетілген лизингке шамамен 40 млрд теңге бағытталды. 2022 жылғы 5 тамыздан бастап "ҚазАгроҚаржы" АҚ барлық филиалдарында осы бағдарламаларға қатысуға өтінімдер қабылдау жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 44,7 млрд теңге сомасына 874 өтінім қабылдады. Бұл ретте қаржылық лизинг шарты 345 өтінім бойынша 18,4 млрд теңге сомасына жасалды. 11,9 млрд теңгеге 160 өтінім мақұлданды.

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу