Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы өндіріс сұранысына қажетті аграрлық ғылыми зерттеулерге инвестиция көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті кешендерінде екі агро орталық құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады
Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ҚР премьер-министрінің орынбасары – а уыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен өткен жиында осы мәселелер кеңінен талқыланды.
ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев ЖОО-ны заманауи аграрлық ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялау бағытында атқарылған жұмыс жұмыстармен таныстырды және де оқу орнының ауыл шаруашылығы саласындағы №1 ғылыми-зерттеу университеті – Девистегі Калифорния университетімен өзара ынтымақтастықтың орнағанын атап өтті.
Айта кетейік, Дэвис университеті Чили, Малайзия, Қытай және т.б. елдердің аграрлық білім беру жүйесі мен ғылымын өзгертуде сәтті тәжірибе жинақтаған. Ендігіде оның жетекші профессорлары Қазақстанда жұмыс істеп, жоғары оқу орнының басқару жүйесін, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіруге атсалысады.
Сондай-ақ, премьер-министр орынбасары "Қазақстан – Белорусь" инженер мамандарды қайта дайындау орталығының трактор павильонында, "Қазақстан – Германия" дәл егіншілік орталығында, жем дайындауды механикаландыру және агроинженерия, астық жинайтын комбайндар зертханасында және де ет пен сүт өңдейтін оқу-тәжірибелік цехында болды.