Елімізде екі автомобиль өткізу пункті ашылды

135

"Қазығұрт" және "Темір баба" жаңа жоғары технологиялық өткізу пункттері ашылды. 

Елімізде екі автомобиль өткізу пункті ашылды Фото: Үкімет

Елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Өзбекстанмен шекарада орналасқан "Қазығұрт" және Түркіменстанмен шекарада орналасқан "Темір баба" пункттері. Аталған нысандардың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде өткенін айта кету керек, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазығұрт" өткізу пунктінің ресми ашылуына ҚР қаржы министрі Мәди Такиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Қаржы министрі жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараларда орналасқан барлығы 9 өткізу пунктін қамтығанын атап өтті. "Қапланбек", "Атамекен", "Қалжат" және "Алакөл" сияқты бірқатар нысандағы жұмыстар аяқталған. Ал жыл соңына дейін "Тәжен", "Майқапшағай" және "Бақты" пункттерін жаңғыртудан өткізу көзделіп отыр.

Жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы мен жүк өткізу процесіне кедергі келтірмей жүзеге асырылды. Осы мақсатта уақытша қозғалыс схемасы ұйымдастырылып, бұл кептелістің алдын алып, жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүргізілді.

Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін азайып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін ұлғайтылды. Қазір жаңартылған өткізу пункттері арқылы көлік ағыны 2,5 есе артты. Мәселен, 2022 жылы шекараны 640 мың автомобиль кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға көбейді.

"Қазығұрт" өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, "тепловизорлар" және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері деп арнайы бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысқа жайлы жағдай жасайды. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу