Биыл 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін Қазақстанда тұрмыстық баллондарда сатылатын сұйытылған мұнай газының таңбалануы мен қадағалануы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бүгінде айналымда 800 мыңнан астам тұрмыстық газ баллоны бар. Жыл сайын жарамсыз немесе мерзімі өткен баллондарды қолдануға байланысты 100-ден астам жарылыс тіркеледі.
Пилоттық жоба аясында таңбалау кодтарын енгізу тәсілдерін, қолданыстағы бизнес-процестермен интеграцияны және айналымға қатысушылардың операциялық қызметіндегі ықтимал өзгерістерді сынақтан өткізу жоспарланған.
Газ баллондарын цифрлық таңбалау мен қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асыру – жүйелі есепке алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және барлық кезеңдерде қадағалау үшін маңызды қадам. Пилоттық жоба қорытындысы бойынша бұл тауар тобына міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта міндетті таңбалау үш тауар тобына енгізілген: темекі өнімдері, аяқкиім және дәрілік заттар. Мотор майлары, сыра және сыра сусындары, зергерлік бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталған. БАД өнімдері бойынша жоба іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта тұрмыстық химия тауарлары бойынша пилоттық кезеңді іске қосу жоспарланған.