Елімізде гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштер жақсарып келеді

586

Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегінше, Қазақстан бұл бағытта 80-ші орыннан (2021 жыл) 65-ші орынға (2022 жыл) дейін көтерілді. 

Елімізде гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштер жақсарып келеді Фото: gov.kz

17-18 қарашада астанада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп, БҰҰ-Әйелдер құрылымының техникалық қолдау көрсетуімен Халықаралық ғылыми конференция өткізуде.

Конференцияның алаңы Қазақстан, Чехия, Швейцария, Үндістан және АҚШ ғалымдары мен сарапшыларын, сондай-ақ ҚР Парламенті депутаттарын, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.

Конференцияда балалық шақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гендерлік теңдік, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, демографиялық даму перспективалары, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Осы тақырыптардың әрқайсысына жеке сессия арналған.

Конференцияны Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева ашты.

 "Қазақстан үшін отбасы институты мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылады.

Үкіметтің алдына жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылады.

Біз үшін гендерлік теңдік саласындағы өз тәжірибемізді басқа елдердің ғылыми-сараптамалық қоғамдастығымен бөлісу, сондай-ақ бірлескен жобаларға қатысу маңызды" екендігін атап өтті.

"Қазіргі ауқымды әлем бізге көптеген жаңа сынақтармен күн тәртібін белгілейді. Бүгінгі таңда ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен отбасының тәрбиелік рөліне, демографиялық дамуына, адамның өмір сапасына әсер ететін гендерлік теңдікке байланысты күрделі мәселелерді шешудің жолдарын табу өте маңызды", – деді Аида Балаева.

Конференция аясында Қазақстанның соңғы үш жылдағы отбасылық және гендерлік саясат салаларының тәжірибелері ұсынылды.

Атап айтқанда, біздің елімізде Әл-ауқат индексі әзірленді және енгізілуде екені атап өтілді. Мектептегі психологиялық қызметтердің бірыңғай ережелері жұмыс істейді. Өңірлерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды.

Қазақстан Республикасында отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы өзектендірілді. Нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдердің рөлін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік база айтарлықтай нығайтылды.

Мемлекеттік отбасылық саясатты қалыптастыру мен талдаудың институционалдық негізі дамуда. Отбасы институтын зерттеу орталығы құрылды.

"Қазақстандық отбасылар", "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" ұлттық баяндамалар үнемі жарияланып тұрады. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен ұлттық зерттеулер кешені жүргізілуде.

Биылғы жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерін жақсартып, 80-ші орыннан (2021 жыл) 65-ші орынға (2022 жыл) дейін көтерілгендігін сарапшылар атап өтті.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу