Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жер қойнауын пайдалану құқығына арналған аукциондардан түсетін бонус қаражатының 50%-ы мемлекеттік геология мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
– 2027 жылдың наурыз–сәуірінде алғашқы перспективалы учаскелерді анықтап, аукционға шығару жоспарланып отыр. Бұл инвестиция ағынын арттырады әрі экономикаға оң әсер береді, – деді Қанат Ерубаев.
Оның айтуынша, Астанада халықаралық стандартқа сай аккредиттелген зертханалық кешен құрылады. Кешенде заманауи зертханалар және үлгілер мен деректерді сақтау қоймалары болады.
Сондай-ақ 2026 жылдың 2–3 сәуірінде Астанада алғашқы Орталық Азия геологиялық форумы өтеді. Форум кәсіби қауымдастықты біріктіруге, жобаларды ғылыми сүйемелдеуге және мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған.