Елімізде халықаралық креативті индустрия орталығы құрылады

Бұл осы саланың дамуына серпін береді.  

Елімізде халықаралық креативті индустрия орталығы құрылады Фото: Synergy Times

Қазақстанда халықаралық креативті индустрия орталығы құрылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық коммуникациялар алаңында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Министрлік креативті индустрияны дамытумен айналысып жатыр. Жұмыс екі бағытта жүргізілуде. Біріншісі – ұйымдастырушылық бағыт. Креативті индустрия секторын дамытудың институционалдық негізі қалыптасты. Министрліктің құрылымында мамандандырылған департамент құрылды. Қазір біз тиісті инфрақұрылымды: аймақтардағы креативті индустрия орталықтары мен хабтарын, сондай-ақ таланттарды іздеу және қолдау, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттауға және коммерцияландыруға жәрдемдесуді мақсат тұтатын "Креатив хаб" халықаралық креативті индустрия орталығын құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр.

Бұл тұста Аида Балаева екінші бағытқа тоқталды. Ол – заңнамалық бағыт.

Оның айтуынша, креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді.

"Ол зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгертуді, мүмкіндігінше креативті индустриялар қауымдастығын қалыптастыру үшін мәдениет объектілерінде қосымша алаңдар ұсынуды, оқытудың білім беру бағдарламаларын ұлғайтуды, креативті индустриялар өкілдеріне салықтық преференциялар беруді көздейді. Бұл осы саланың дамуына қуатты серпін береді деген ойдамыз", – деді Аида Балаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу