Елімізде игерілмей жатқан 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

744

Бұдан өзге жер инспекторларының тексерулерінен соң 1,8 миллион гектар жерді иелері ұзақ уақыттан кейін игере бастаған.

Елімізде игерілмей жатқан 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды Фото: egemen.kz

Мұндай жаңалықты ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің кезекті жетістігімен бөліссем. Биыл пайдаланылмай жатқан әрі заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау үшін белсенді жұмыс істедік. Мен бұған дейін осы жұмыстың аралық нәтижелерін жариялап отырдым. Міне, бүгін биылғы жылдың соңына дейін мемлекетке қайтарылуы тиіс болған 5 миллион гектар бос жатқан жер мерзімінен бұрын қайтарылғанын айтқым келеді.

Осы орайда Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелерінің мамандарына, жұмыс комиссиясының және ведомствоаралық топтардың мүшелеріне алғыс айтамын. Тексерулердің саны былтырғымен салыстырғанда 8 есеге өсті. Мысал ретінде 2022 жылы 1 357 тексеру тіркелген болатын. Көп жұмыс жерді тексеруге мораторийдің алынып тасталғаны арқасында қол жеткізілді. Себебі соның арқасында біз кезінде заңсыз берілген, "жұмыс істемейтін", яғни ел экономикасына пайда әкелмеген учаскелерді анықтадық. Бұл процесс ауыр және оның жауапкершілігі өте жоғары  екенін айта кету керек", – деді.   

Министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар жерді қайтару жұмысына әрдайым ат салыспайды, көбі құлықсыз. Соған қарамастан, жоспар орындалды. Министрлік жеткен жетістікке тоқмейілсіп отырмайды яғни мұнымен жұмысты тоқтамайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі келесі жылға жоспарланған тағы 5 млн га ауыл шаруашылығы жерін қайтару жөніндегі міндеттерді мерзімінен бұрын іске асырмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу