Елімізде кедейліктің ең жоғары деңгейі қай өңірлерде байқалады

607

2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 5,2% құрады.  

Елімізде кедейліктің ең жоғары деңгейі қай өңірлерде байқалады Фото: Baribar.kz

Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 2022 жылы 5,2% құрады. Осылайша көрсеткіш 2021 жылдың деңгейінде қалды, бұл ретте 2020 жылғы кедейлік деңгейі 5,3% болған, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

2022 жылы өңірлер бөлінісіндегі кедейліктің ең жоғары деңгейі 2021 жылдағыдай Түркістан (9,7%), Маңғыстау (8,1%) облыстарында, ең аз үлесі – Астана (1,9%) қаласында тіркелді. 

"Қалалық және ауылдық жердегі табыс едәуір сараланған. Мәселен, қалалық жерде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 4%, ал ауылдық жерде  7,3%  құрады. Бұл ретте 2021 жылмен салыстырғанда кедей халықтың үлесі қалалық жерде 0,2п.т., ауылды жерде 0,1 п.т. өсті. 2022 жылы кедейліктің ауылдық және қалалық деңгейлері арасындағы ең үлкен айырмашылық Маңғыстау (5,4 есе), Шығыс Қазақстан (4 есе) облыстарында байқалды", делінген хабарламада.

Айта кетейік, кедейлік деңгейі – тұтынуға пайдаланылған ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан  төмен табысы бар халық санының халықтың жалпы санына пайызбен өлшенген қатынасы. ҚР бойынша 2022 жылы айына орта есеппен жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 43 566 теңгені құрады. Бұл ретте әрбір өңірде жеке есептелетін ең төменгі күнкөріс деңгейі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу