Кейбір мамандықтарға 3 жылдық бакалавриат жүйесі енгізілуі мүмкін

387

Алайда бұл барлық мамандық пен жоғары оқу орнына қатысты емес.  

Кейбір мамандықтарға 3 жылдық бакалавриат жүйесі енгізілуі мүмкін Фото: el.kz

2035 жылға қарай Қазақстан экономикасына 3 миллионға жуық кадр қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандық өкілдері. Еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімін оңтайландыруды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.

Оның пікірінше, IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис және туризм бағыттарында үш жылдық бакалавриат жүйесін қолдануға болады.

– Қонақ үйдің бизнесі, ресторан бизнесі, маркетинг, айти салалардағы балаларды үш жылға дейін қысқартуды ұсындым. Менің ұсынысым дуалды системаны қолдану, көбірек практиканы қолдану. Алған білімді қысқартуға болмайды, уақыт жағынан оптимизация жасап, сәл қысқартуға болатынын біз зерттеп таптық, – деп мәлімдеді ҚР Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов.

Үш жылдық бакалавриаттың тәжірибесі елдегі бірнеше жоғары оқу орнында бар. Мәселен, Astana IT University-де 15 мамандық бойынша білім алуға болады. Биыл олардың қатарына цифрлық құқық бағыты қосылды.

Үш жылдық оқу форматына көшу университеттердің өзіне байланысты. 2019 жылдан бері жоғары оқу орындары академиялық және басқарушылық дербестікке ие. Дегенмен, педагогика, денсаулық сақтау және сәулет сияқты салаларда оқу мерзімін қысқартуға шектеу қойылады.

– Мысалы, педагогикалық мамандықтар, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар бар, архитектуралық мамандықтар. Бұл жерде балалардың міндетті түрде когнетивтік өзінің ақыл-ой ерекшеліктерін ескеріп, ол жерде біз оқудың нысанын қысқартуға келіспейміз. Басты шарт – кез келген жоғары оқу орнында оқитын студент 240 кредит мөлшеріндегі академиялық жүктемені орындап шығуы керек, – деп түсіндірді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Ержан Әмірбекұлы.

Қолданбалы бакалавриаттың оқу мерзімін қысқарту мәселесі бұған дейін де көтерілді. 2022 жылы 2,5 жылдық оқу бағдарламасын енгізу жоспары айтылса, 2026 жылы бұл тақырып Үкімет деңгейінде қайта талқыланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу