Елімізде көлік қымбаттады

1355

Қазақстандықтар 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында 451,2 млрд теңгеге 49 243 жаңа жеңіл көлік сатып алған.

Елімізде көлік қымбаттады

"ҚазАвтоӨнеркәсіп" мәліметтеріне сүйенсек, соңғы тоғыз айда саудаланған темір тұлпарлардың орташа бағасы 8,88 млн теңге. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға жоғары. Алайда отандық көлік құрастыру сегментіндегі орташа баға нарықтағы орташа көлік құнынан төмен. Яғни, 6,6 млн теңгені құрады. Ал импорттық темір тұлпарлардың орташа құны 10,9 млн теңге.

Қазақстандықтар 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында жалпы құны 451,2 млрд теңгеге 49 243 жаңа жеңіл көлік сатып алған. Олардың 27,6%-ы құны 5 млн теңгеден аспайтын көліктер, ал 19,9%-ы бағасы 5 пен 7 млн теңге аралығындағы автолар, 14,7%-ы 7 мен 10 млн теңге аралығындағы жаңа темір тұлпарлар.

Ал бизнес (10-15 млн теңге) пен премиум-санатты (15 млн-нан жоғары) сегментте жаңа көлік сатып алғандар саны 27,2% бен 10,6%-ды құрады. Аталған көрсеткіштерден елімізде 10 млн теңгеден жоғары бағадағы көліктер саны 11,1%-ға артқаны байқалады. Сарапшылар бұл бизнес санатты седандардың қолжетімді бола түсуіне байланысты екенін айтуда.

Ал Қазақстандағы қолжетімді көліктердің көшін 3,1 млн теңге тұратын Өскеменде құрастырылған Lada Granta бастайды. Бұдан бөлек бұл тізімде Chevrolet Niva (3,4 млн теңге), Ravon Nexia (3,5 млн теңге), Lada 4x4 (3,6 млн теңге), Ravon R4 (4,1 млн теңге) бар.

Ал ең қымбат темір тұлпарлардың көшін Mercedes-Benz G-klass (63,1 млн теңге), Porsche Panamera (48,9 млн теңге), Jaguar I-Pace (46 млн теңге) бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу