Елімізде магистральдық құбырлардың күзет аймағына цифрлық бақылау енгізілді

181

Жобаны өндіріске енгізуде "ҚазТрансОйл" компаниясы алғашқы пилоттық алаң ретінде таңдалып, негізгі сынақтардан өтті.

Елімізде магистральдық құбырлардың күзет аймағына цифрлық бақылау енгізілді Фото: kmg.kz

Қазақстанда магистральдық құбырлардың күзет аймақтарының сақталуын қадағалайтын жаңа цифрлық тетік іске қосылды. Арнайы функционал "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесіне енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Жоба Энергетика министрлігі алаңында Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жұмыс істеген ведомствоаралық топтың бірлескен күшімен жүзеге асты. Атқарылған жұмыстың қорытындысы Энергетика министрлігі Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды.

Жаңа мүмкіндік кадастрлық жүйеде магистральдық құбырлардың күзет аумақтарын және инфрақұрылым объектілеріне дейінгі белгіленген ең аз қашықтықты нақты көрсетуге жол ашады.

Бұдан былай жер учаскелерін беру туралы өтінімдерді қарау, жер бөлуді келісу және құрылысты жоспарлау кезінде ақпараттық жүйе барлық шектеуді автоматты түрде анықтайды. Құбыр инфрақұрылымына тым жақын орналасқан телімдер бойынша талаптарды сақтау қажеттігі алдын ала ескертіледі.

Жаңа тетік жер учаскелерін беру және құрылыс салуды келісу кезінде шектеулерді жедел анықтап, магистральдық құбырлар маңындағы заңсыз құрылыс пен апат қаупін сейілтуге мүмкіндік береді.

Ақпараттық жүйеге бірнеше ірі компанияның инфрақұрылымы бойынша толық мәліметтер топтастырылды. Атап айтқанда, "ҚазТрансОйл", "Қазақстан-Қытай Құбыры", "МұнайТас" серіктестігінің магистральдық желілері қамтылды. Сонымен бірге бас мұнай айдау станциялары, мұнай айдау станциялары мен өзге де өндірістік ғимараттар картаға енгізілді.

Бұған қоса, "Магистральдық су құбыры" жүйесінің нысандары мен коммуникациялары, соның ішінде су айдау станцияларының күзет аймақтары мен рұқсат етілген арақашықтықтары толық тіркелді.

Аталған бастамаға Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері, әкімдіктер, "ҚазМұнайГаз", QazaqGaz ұлттық компаниялары мен олардың еншілес құрылымдары қатысты.

Сондай-ақ Kazenergy қауымдастығы, "Қазгеодезия", Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы және "Азаматтарға арналған үкімет" мамандары бірлесе жұмыс істеді. Жобаны өндіріске енгізуде "ҚазТрансОйл" компаниясы алғашқы пилоттық алаң ретінде таңдалып, негізгі сынақтардан өтті.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық бақылау жер пайдалану рәсімдерінің ашықтығын арттырып, стратегиялық құбырлардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу