Елімізде майлы дақылдар тұқымының 5 млн тоннадан аса рекордтық өнімі күтілуде

Осы күні Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталуға жақын.

Елімізде майлы дақылдар тұқымының 5 млн тоннадан аса рекордтық өнімі күтілуде Фото: eldala.kz

Нақтыласақ, 23 млн тонна астық бастырылған, дәнді және бұршақты дақылдар алқаптарының 96%-ы жиналған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. 

Вегетация кезеңіндегі күрделі климаттық жағдайларға және бидай егісінің алаңын 1,8 млн гектарға жоспарлы қысқартуға қарамастан, "астықтың жалпы түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады" деп болжануда. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерден құрайды. Жоғары көрсеткіштер Алматы облысында – 53 ц/га, Түркістан облысында – 25,4 ц/га, Жамбыл облысында – 22,1 ц/га, Батыс Қазақстан облысында – 21,1 ц/га және Жетісу облысында – 27,1 ц/га деңгейінде тіркелді.

Вице-министрдің сөзінше, осы жылы астық сапасының жоғары екені байқалады: элеваторларға түскен бидайдың 72,4%-дан астамы үшінші сыныпқа жатады. Жекелеген өңірлерде сапалық көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Мысалы, Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді. Қазақстандық астыққа деген жоғары сыртқы сұраныс та сақталуда. Осы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,1 млн тонна құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға жоғары. 

– Майлы дақылдарды жинау жұмыстарының қарқыны да артып келеді. Бүгінгі күні 3,7 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдар тұқымының рекордтық өнімі – 5 млн тоннадан асады деп күтілуде, – деді Азат Сұлтанов. 

Осы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 750 млрд теңгеге дейін, сонымен қатар жеңілдетілген лизинг көлемін 350 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа егінді қабылдауға арналған элеваторлық инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу