Биыл 5 млн тоннадан астам майлы дақылдар жиналады деп болжанады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Азат Сұлтановтың сөзінше, майлы дақылдарды жинау қарқыны артып келеді. 2,4 млн гектар алқап жиналып, 2,4 млн тонна майлы дақылдар бастырылған.
"Егін жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдардың рекордтық өнімі – 5 млн тоннадан астам жиналады деп болжанады. Сондай-ақ 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары және 2,5 млн тонна картоп жиналды. Биыл егіс алаңы 173,5 мың гектарды құраған мақтаны жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда орташа өнімділік гектарына 32 центнер болып, 70,5 мың тонна шитті мақта жиналды", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Вице-министр мақта шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатқанын атап өтті. Соңғы екі жылда тамшылатып суару қолданылатын мақта алаңы 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайды.