Педагогтердің мектеп басқаруына жаңа мүмкіндік ашылды

1139

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Педагогтердің мектеп басқаруына жаңа мүмкіндік ашылды Фото: ulysmedia.kz

2023 жылдан бері елімізде "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" стратегиялық жобасы іске асырылып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрлік мәліметінше, Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған жоба нәтижесінде 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанды.

Оның 400-ден астамы басшылық қызметке конкурссыз тағайындалса, 40 директор бүгінде "Келешек мектептері" Ұлттық жобасы аясында ашылған мектептерді басқарып отыр. Осылайша, Қазақстандағы мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.

"Жоба жалғасын тауып 2025 жылы тағы 428 үміткер оқудан өтті. НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығында мектеп директорларының орынбасарларын оқыту 21 шілдеде басталып 12 қыркүйекте аяқталды. Білім берудегі өзгеріс көшбасшылары бірнеше кезең бойы іріктеліп, үш деңгейде біліктілігін арттырған соң қорытынды бағалауға жіберілген болатын", – делінген хабарламада.

Бағдарлама қатысушылары 15-26 қыркүйек аралығында өткен қорытынды бағалаудан өту үшін рефлексивті есеп әзірледі. Онда үміткерлер алған білімдерін тәжірибеде қолдана білетінін дәлелдеуі қажет. Аталған материалдар белгіленген критерийлерге сәйкес тексеріліп, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Педагогикалық өлшеулер орталығының сыртқы сараптамасына жолданды. Бұл кезеңнен сәтті өткен мамандар кадрлық резервке қосылу үшін Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комиссиямен әңгімелесуге жолдама алды.

Естеріңізге сала кетейік, "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасын сәтті аяқтаған және кадр резервіне кірген мамандар конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ бірінші басшының бос орнына тағайындалады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу