"Жолаушылар тасымалы" компаниясы алдағы жазғы маусымға 2 мыңнан астам жолаушылар вагондарын дайындап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Пойыздарды жазғы маусымға әзірлеу барысында тек техникалық жай-күйіне ғана емес, тазалығы мен қауіпсіздігіне де басты назар аударылады.

Регламентке сәйкес вагонның астындағы жабдықтар мен дөңгелектерді жоспарлы тексеру, вагондардың сыртын жуу және жүріс бөліктерін тазалау, тамбурлар мен тұтқаларды ішінара сырлау жүргізіледі.
Одан бөлек терезелер толық тазаланып, ондағы резеңке таспалар мен тығыздағыштар ауыстырылады. Тексеру жұмыстары барысында барлық ақаулар жойылады.
Вагондардың ішіндегі санитарлық тораптарды ретке келтіруге айрықша мән беріледі. Дәретхана жүйелері толық тексерістен өтеді және екі кезеңнен тұратын тазалау мен залалсыздандыру жұмыстары атқарылады.
Пойыздар әр сапар алдында арнайы комиссия тексерісінен өтеді. Жолға техникалық жағдайы мінсіз, толық дайындықтан өткен вагондар ғана шығады.