Елімізде псевдокосметологиялық қызмет көрсететіндер көбейді - депутат

419

Мәжіліс депутаттары Денсаулық министрлігінен дерматокосметология қызметтеріне бірыңғай бақылауды сұрап отыр.  

Елімізде псевдокосметологиялық қызмет көрсететіндер көбейді - депутат Фото: gov.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова Денсаулық министрінің атына депутаттық сауал жолдап, елімізде косметологиялық қызметтердің басым көпшілігін лицензиясы жоқ мамандар көрсетіп жүргенін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2022 жылдың өзінде ғана Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымдар саны үш есе өскен. Соның ішінде сапасыз медициналық дерматокосметологиялық қызметтер көрсету бойынша өтініштердің өсу статистикасы байқалған.

Гүлдара Нұрымова дерматокосметологияның лицензияланған медициналық қызмет түрі екеніне назар аударып, оны барлық санитарлық норма мен ереже сақталған медициналық клиникаларда немесе медициналық кабинеттерде тек сертификатталған дәрігер-дерматокосметологтар көрсете алатынын алға тартты.

"Бірақ іс жүзінде медициналық косметологиялық қызметтердің басым көпшілігін лицензиясы жоқ медициналық емес қызметкерлермен әдеттегі сұлулық салондарында, күмәнді кабинеттерде, тіпті үйде жүргізілуде. Бұл жағдайда мезотерапия, плазмолифтинг, мезожіп сияқты арнайы процедуралар жүзеге асырылуда және тіпті пластикалық операциялар жасалуда", - деді Гүлдара Нұрымова.

"Мұндай жағдайларда медициналық және медициналық емес мекемелерде дәрігерлік дерматокосметология қызметтерін бірыңғай бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігін қарастыру орынды", - деді депутат сауалында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу