Қазақстанда салық берешегін 4 ай ішінде өтемеген компаниялардың басшысын ауыстыруға шектеу қойылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілген норма берешегі 45 айлық есептік көрсеткішке (194 625 теңге) тең немесе одан асатын заңды тұлғаларға қатысты.
– Кейбір компанияның берешегін өтеуден жалтару үшін басшысын ауыстырып, кәсіпорынды өзге адамның атына рәсімдеуі мүмкін. Өйткені олар бұдан шығатын жол іздейді ғой.
Жаңа норма осындай әрекеттерге жол бермеу үшін енгізілген. Қазір ақпараттық жүйені ретке келтіру жұмысы аяқталуға жақын. Келесі аптадан бастап салық төлеушілер тіркеу деректерін өзгертуге өтініш берген жағдайда, берешегі болса, әділет органдары оны кері қайтарады, – деді комитет өкілі.
Басқарма басшысының айтуынша, кейбір кәсіпорындар қарызын өтей алмаған кезде басшысын ауыстырады жібереді. Мұндай әрекеттер берешекті өндіріп алуға кедергі келтіреді.
Енді салық берешегі белгіленген мөлшерден асып, 4 айдан астам уақыт өтелмесе, компания басшысын немесе заңды мекенжайын өзгертуге шектеу қойылады.