Еліміздің өңірлеріндегі облыстық ауруханаларды жаңғырту аясында сұранысқа ие медициналық бағыттар бойынша 23 жаңа бөлімше ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа бөлімшелер ревматология, пульмонология, гастроэнтерология, эндокринология, гематология, нефрология және кардиология бағыттары бойынша жұмыс істейді. Жоба 2024–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы жоспар бойынша елдегі облыстық көпбейінді ауруханаларда, балалар ауруханаларында және перинаталдық орталықтарда 2700 төсекке арналған 55 жаңа бөлімше ашу көзделген.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханаларында 302 төсекке арналған 22 бөлімше ашу жоспарланған. Оның ішінде 168 төсекке арналған 9 бөлімше пайдалануға берілді.
2026 жылдың бірінші тоқсанында облыстық және қалалық стационарларда 59,9 мыңға жуық пациент ем қабылдады. Бұл ретте облыстық деңгейдегі стационарларда емделген пациенттер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 337 адамға артты.
Министрлік облыстық ауруханаларды жаңғырту бағдарламасы өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті.