Елімізде суық қаруды жарнамалаған интернет-дүкен жауапқа тартылды

99

Қазақстанда интернет-кеңістікте суық қарудың заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтіліп жатыр.  

Елімізде суық қаруды жарнамалаған интернет-дүкен жауапқа тартылды Фото: www.castcom.ru

Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасы тиісті шаралар қабылдауда, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылғы 29 желтоқсанда жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар онлайн-платформаларда тыйым салынған заттардың әлі де сатылып жатқаны анықталған. Атап айтқанда, суық қару кей жағдайда "тұрмыстық бұйым" немесе бүркемеленген тауар ретінде ұсынылған.

Прокуратура мұндай тәжірибе азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін атап өтеді. Әсіресе, суық қарудың кәмелетке толмағандар үшін қолжетімді болуы алаңдаушылық туғызады. Тиісті сүзгілер мен бұғаттау тетіктерінің әлсіздігі жасөспірімдердің заңсыз әрекеттерге тартылуына және кейін қылмыстық жауапкершілікке ілігуіне себеп болуы мүмкін.

Бұған дейін мемлекеттік органдар мен маркетплейстер арасында тыйым салынған өнімдерді орналастыруға жол бермеу жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілген. Алайда кейбір платформалар бұл міндеттемелерді орындамай отыр.

Нақты мысал ретінде уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті Satu.kz интернет-дүкенін суық қаруды жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 455-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар Бас көлік прокуратурасы аңшылық кәсіпшілікке қатысты жағдайларды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе сату, сондай-ақ арнайы рұқсаты жоқ тұлғаларға қару мен оқ-дәрі өткізу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу