Елімізде темекі біртіндеп қымбаттайды

963

Келісім аясында 2024 жылы темекінің 1 мың данасы үшін салынатын акциздер 35 еуроға дейін қымбаттайды

Елімізде темекі біртіндеп қымбаттайды

Сенат депутаттары "Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Заң жобасы Одақ аумағында темекі өнімдеріне арналған акциздердің мөлшерлемесін үйлестіру және темекі өнімдерінің айналымы саласында бәкелестік ортаны қамтамасыз етуді көздейді.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемесі қалай өсіп жатқанын назарға алдық. Талдау нәтижесінде 2024 жылы темекіге қатысты индикативті мөлшерлемені 1 мың данасы үшін 35 еуроға эквивалентті мөлшерде болуы тиіс деген қорытындыға келдік", - деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, темекіге салынатын қосымша құн бірден қымбаттамайды. 

"Қазақстанда темекіге қатысты акциздік мөлшелерме біртіндеп өзгереді. (Баға – автор) бірден көтерілмейді. Қазіргі таңда елімізде темекінің (1 мың данасына – автор) акциз 21,4 еуро, 2022 жылы – 24 еуро, 2024 жылы – 28 еуро болады. Осылайша, біз төменгі шекті ұстанамыз", - деді Әсет Ирғалиев.

Министр темекі өнімдеріне арналған акциз мөлшерлемелерінің ұлғаюы есебінен бюджетке қосымша қаражат түсетінін атап өтті.

"Жыл сайын бюджетке 20 млрд теңге аса қаражат түседі", - деді басшы.

Сенат аталған келісімді ратификациялады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу