Елімізде тұңғыш рет робототехнологиялық жүйемен операция жасалды

886

Елімізде тұңғыш рет робототехнологиялық жүйемен операция жасалды

Қазақстанда робототехнологиялық жүйені қолданған тұңғыш хирургиялық операция Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханада жасалды. Италиядағы Габриэле д’Аннунцио университеті клиникасының профессоры, Миландағы "ТransEnterix" фирмасының хирург кеңесшісі Стефано Джидароның басшылығымен өткен ота сәтті аяқталды.

Операция залынан шыққан шетелдік қонақ өзін қаумалаған журналистермен алғашқы әсерлерімен бөлісті.

"Мені ерекше таң қалдырған екі нәрсе болды. Мен операцияға қатысқан барлық хирургтер мен медбикелерге алғыс айтқым келеді. Өйткені мұндай оталар кезінде  әсіресе  командалық жұмыс маңызды. Сонымен қатар операциялық залдардың жабдықталуы өте жоғары деңгейде екенін ерекше атап өткім келеді. Осындай тамаша қолайлы жағдайлар мен  білікті мамандардың көмегімен ота сәтті аяқталды. Сіздердің дәрігерлердің дайындығына өте жоғары баға берер едім. Олар бүгін менің және роботталған жүйенің көмегімен ота жасаса, келесі жолы мен көмекші болам, барлығын өздері жасайды", — деді Стефано Джидаро.

Елімізде алғаш рет роботталған жүйенің көмегімен жасалған операциядан кейін облыс әкімі Даниал Ахметов өз пікірін жеткізді.

"Мен болашаққа сеніммен қараймын және осындай жоғары технологиялы медициналық көмекке қол жеткізген облыс тұрғындарын құттықтағым келеді. Еліміздегі тұңғыш гибридті операциялық зал да көп ұзамай Шығыс Қазақстанда ашылатын болады. Біздің ең тәжірибелі деген дәрігерлеріміз әлі де Еуропаға білімдерін жетілдіруге барады",- деді облыс әкімі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Шорановтың айтуынша, бүгінгі пациент Өскемен қаласының тұрғыны, 50 жаста. Науқастың өтінде тас болғандықтан, өтін алып тастады.

"Роботталған жүйе операцияны асқан  дәлдікпен әрі өте жоғары сапалы жасауға мүмкіндік береді. Ота  кезінде жарақат аз болады әрі науқас тезірек оңалады. Ертең гинекологиялық операциялар жасалады. Итальяндық әріптесіміз әлі бір аптадай осында болады, күніне екі-үш ота жасауға тырысамыз", — деп түсіндірді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу