Елімізде туризмді дамыту үшін виза рәсімдерін жеңілдету қажет

511

Қазақстанда азаматтар визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артты. 

Елімізде туризмді дамыту үшін виза рәсімдерін жеңілдету қажет Фото: Серік Маймеров

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен өтіп жатқан туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда сөз сөйледі.

Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі қазақстандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Премьер-Министр өз сөзінде мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды.

"Біз "зәкірлік" жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл - ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған", — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, туристік турларды ұйымдастыру және биологиялық әркелкілікті сақтау үшін инвесторлар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып отыр.

"Мұндай күш-жігердің жарқын мысалы – Іле-Алатау, Шарын және Алтын-Емел сияқты орындарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлердің пайда болуы. Экологиялық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, біз туристердің санынан гөрі олардың саяхаттарының сапасын арттыруға көшу жолында жұмыс істеп жатырмыз", — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Қазақстан халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алады. Мәселен, Ұлы Жібек жолы мен Каспий теңізі бойынша кешенді саяхаттар, Байқоңыр мен Бурабай, сондай-ақ Алматыдағы "4 маусым" туры сияқты жерлерге бару туристердің арасында қызығушылық тудырады.

Қазақстанда азаматтар визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артты. Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынды. Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері есігін айқара ашты.

Форумда шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар инвестициялық белсенділікті арттыру үшін туризм жобаларына жеңілдікпен несие беру мерзімдерін ұзартуды пысықтау және туризм нысандарына инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейту талап етіледі.

Осы орайда кувейт инвесторы Вахид Хейдари Ақтауда туризмді дамыту үшін бірқатар шараларды қолға алу керектігін ескертті.

"Ақтау - туристік әлеуеті жоғары қала. Бірақ көптеген кемшіліктерді түзеуге тура келеді. Туристер келіп алғаш табан тірейтін жер - әуежай. Соны дамыту керек. Халықаралық рейстердің ұшу-қону тәртібін күшейту қажет. Біздің Кувейттен келген азаматтар Ақтауда 17 сағат әуежайда кідіруіне мәжбүр болды. Тиісті жеріне дер кезінде жете алмау туристерге ауыр соққы",- дейді ол. 

"Маңғыстау облысы үшін шет елдерінен келетін туристер статистикасы көрсеткендей, Әзірбайжан, Ресей, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері және Қытай мемлекеттері нысаналы нарықтарға айналуы мүмкін. Тағы Жол картасының бірнеше маңызды сұрақтары бойынша атап өту керек. Оның ішінде, bed tax туристік жарнасын алу ережесін жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Себебі, бухгалтерлік және салық есебі бойынша көптеген сұрақтар жауабы жабылған жоқ. Туристік жарна бойынша бюджеттік кодекске өзгерістер енгізілген, бірақ бизнес үшін өте маңызды және қажет салық кодексінде тиесілі өзгерістер көрсетілмеген. Сонымен қатар, тиімді қолдау шаралары, салық жеңілдіктері, туристік кэш-бэк енгізу және басқа да мәселелерді талқылап келеміз",- деді "Атамекен" ҰКП Басқарушы директор, Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.  

Форум қорытындысы бойынша туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.         

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу