Жаңа жылда сахнаға шығар әнші қалдырмайтын тосын талап енгізіледі

589

Мемлекет мәдениет саласындағы өзгерісті бастады.  

Жаңа жылда сахнаға шығар әнші қалдырмайтын тосын талап енгізіледі Фото: canva

Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Бұл құжат аясында ел тарихында бұрын-соңды болмаған жаңашылдықтар өмірге жолдама алады.

"Түзетулердің бір блогы мәдениет саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған. Концерт өткізу кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салынады. Бұл ереженің телевизиялық жазбаларға, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған орындарға қатысы жоқ. Сондай-ақ, авторлық құқық объектісі саналатын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн-платформаларда жария түрде пайдаланған кез келген жағдайда авторды (авторларды) көрсету міндетті", – деп түсініктеме берді Ақорданың баспасөз қызметі.

Осы мақсатта қолданыстағы "Мәдениет туралы" заңының 9-1-бабы мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылды:

"4-1. Телевизиялық жазбаларды, сондай-ақ, ойын-сауық мәдени-бұқаралық  іс-шаралар өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған өзге де орындарды қоспағанда, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың, сондай-ақ шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың концерттік  іс-шараларды өткізу кезінде дауыс (вокалды) фонограммаларын пайдалануына тыйым салынады".

Сенаттың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, аталған заң:

  • ойын-сауық,
  • мәдени-бұқаралық іс-шараларды,
  • концерттерді ұйымдастырушыларға,
  • шығармашылық ұжымдарға,
  • барлық әнші-орындаушыларға концерттік іс-шараларды өткізуі кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалануға тыйым салады.

Бұл тыйымға бұрынғы барлық мәдениет министрлері белсенді қарсы шығып келген болатын. Алға тартқан басты дәйектемесі – қазіргі кезде қазақстандық әншілер тегіс, тіпті кейбір күйші-домбырашы фонограмманы қолданады, тиісінше, оған тыйым салынса, сахнаға шығып, ел алдында өлең айтатын әнші-орындаушы қалмайды. Соған қарамастан енді бұл тыйымды министрлік те, Парламент те құпталды.

Президент қол қойған заң "алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң", яғни, 2026 жылғы 2 ақпанда күшіне енеді. Содан кейін фонограммамен ғана өлең айта алатын барлық әнші концерт өткізе алмайды, тіпті 200-ден көп адам шақырылған той-томалаққа, корпоративке, басқасына қатысуына тыйым салынады.  

Дегенмен, заңды тұтастай құптағанымен, сенатор Советбек Медебаев ондағы осы тыйым қолданыстағы заңнамамен қайшылыққа түспес пе деп күдіктенді.

"Өйткені "Мәдениет туралы" заңның дәл осы 9-1-бабының 5-тармағының және 29-бабының 2-тармағының қолданыстағы редакциясында ойын-сауық, мәдени және бұқаралық іс-шараларын ұйымдастырушылар, шығармашылық топтар және орындаушылар музыкалық қойылымдар кезінде фонограмманы пайдаланса, ол туралы көрермендерді хабардар етуге міндетті екендігі бекітілген. Яғни, біріншіден, "Мәдениет туралы" заңының бір нормасы көрермендерді "қазір фонограммамен айтамын!" деп хабардар етуді ғана талап етеді, ал, жаңа енгізілген нормасы фонограммаларды пайдалануға толық тыйым салады. Содан бұл ережелер арасында ішкі қайшылық туындайды", – деді сенатор.  

Тағы бір мәселе бар көрінеді. Мысалы, танымал әнші концертін қалпымен фонограммамен өткізді делік. Бірақ оның өнеріне табынушылардың ешқайсысы бұған шағымданған жоқ. Сонда фонограмма қолданылғанын құзырлы орган қалай біледі?

"Себебі, мына заңда фонограмма пайдалануға тыйым енгізілді. Алайда оны орындау тетігі қандай болады? Мәдени және бұқаралық ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырушылар, шығармашылық топтар және орындаушылар бұзушылықтары үшін қандай жауапкершілік арқалайды? Оларға әрі қарай концерт өткізуіне тыйым салына ма?", – деді Сенат депутаты.

Көрші Өзбекстанда да осындай тыйым енгізілген, бірақ оларда әрбір әнші-орындаушының қызметі лицензияланады. Егер фонограмма қолданса, лицензиясынан айрылады. Қазақстанда әншілердің, актерлардың қызметі лицензияланбайды.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бұл заңды Мәжіліс депутаттары бастамашы болып, солар жазғанына назар аудартты. Ол осы тыйымды бұза бергендерге келесі жылы 4 325 000 теңге айыппұл салынатынын ескертті. Ал, әншілердің "фанера" қолданған-қолданбағанын жергілікті әкімдіктер, олардың мәдениет басқармалары қадағалауға міндетті болады екен.

"Заң жобасын талқылау барысында Үкіметтің бірыңғай ұстанымын білдіру үшін біз бұл норманы жан-жақты пысықтадық. Сенаттың жұмыс тобы отырыстарында бастамашылармен бірге егжей-тегжейлі талқыладық және фонограмма туралы алдын ала хабарлау нормасын жаңа нормаға сәйкестендірдік. Мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа норма енгізіп отыр. Ол жерде 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл тыйымды жүзеге асыруды жергілікті атқарушы органдар қадағалайтын болады", – деді вице-министр.   

Айтқандай, депутаттарға өнер адамдары тарапынан той-томалақтарды фонограммамен өткізуге рұқсат етуді сұраған өтініштер түскен екен. Содан кейбір депутаттар тек 200-300-ден көп адам қатысатын үлкен іс-шараларда ғана пайдалануға рұқсат бермеуді ұсыныпты. Үкімет осыған келіскен екен.

"Қазіргі норма 200-ден астам адам қатысатын мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты. Фонограмма қолдануға толық тыйым салу мүмкін емес. Себебі, фонограмманы тек концерттік ұйымдар ғана емес, сонымен қатар театрлар, цирктер, аниматорлар және басқасы пайдаланады. Соған байланысты біз аражігін ажырату үшін концерттік, мәдени-бұқаралық іс-шара деп бөлдік. Бірінші кезекте бұл тек концерттік ісшараларға ғана қарастырылатын болады.  Мәдени-бұқаралық іс-шаралар дегеніміз 200-ден астам адамның қатысуымен өтетін іс-шаралар. Сол себептен бұл норма тек 200-ден көп адам қатысқан іс-шараға ғана пайдаланылады", – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов.

Кітапхана – тек тегін қызмет орны емес

Жаңа заңның түзетулерінің тағы бір бөлігі "кітаптардың ордасына" қатысты. Мысалы, ол кітапхана қорын байыту және сақтау шараларын қабылдаудан Үкіметті, мәдениет министрлігін босатады және ол міндетті 2026 жылғы ақпаннан бастап жергілікті атқарушы органдардың – әкімдердің құзыретіне тапсырады.

Сенат депутаты Ернұр Әйткеновтің түсіндіруінше, бұдан бөлек, жаңа заң мемлекеттік кітапханалардың құзырын кеңейтеді, оларға өз қалауынша ақылы қызмет көрсетуіне рұқсат етеді.

Бұған дейін кітап ордалары құжаттардың ксерокөшірмесін жасау, мәтінді редакциялау және компьютермен теріп беру, оқырман билетін басып шығару, кітапты брондау, кәдесыйларды сату сияқты бірлі-жарым ақылы қызметті көрсеткені болмаса, негізінен тегін жұмыс істейтін.  

Сондықтан басқа тегін орынжай таба алмаған белгілі тұлғалардың өзі мерейтойлық кешін, кітабының тұсаукесерін, оқырманымен кездесуін және басқа ісшараларын кітапханада өткізетін. Енді кітапханалар соның бәрі үшін ақы сұрайды.

"Осы заң күшіне енгеннен кейін мемлекеттік кітапханалар да өз ғимараттарын білім беру, мәдени түрлі ісшараларға ақылы негізде ұсына алады және өзге де ақылы қызметтер көрсетуіне рұқсат. Бірақ енді осы мемлекеттік мәдени мекемелердің коммерцияландырылуы тәуекелі туындайды. Ол әлдекімдердің жын-ойнақ ордасына айналып кетпеуі керек. Кітапхана мәдени-ағартушылық орын ретіндегі бастапқы, жарғылық мақсаттарын сақтаса, содан алшақтап кетпесе ғана ел үшін құнды. Сонымен қатар, коммерциялық қызметтерден түсетін ақшаның қалай және қайда жұмсалатыны түсініксіз. Әлдекімнің қалтасында тұнып қалмасын", – дейді депутат.

Вице-министр Айбек Сыдықовтың пікірінше, бұл жаңа норма кітапханаларға қосымша қаржы қайнарын ашып береді.

"Біздің ойымызша, бұл өте жақсы! Себебі, бұл кітапханалардың жасап жатқан жұмыстарындағы ақысыз және ақылы қызметтерді ажыратады. Біз қызметтерді міндетті түрде баға прейскурантына кіргіземіз. Ол "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, тиісті органдармен келісіліп, Қаржы, мәдениет министрліктерінің бұйрығымен бекітіледі. Кітапханалар бекітілген прейскурант бойынша, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейді", – деді ол.   

Вице-министр ғимаратын жалға беруден, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуден, жалпы, ақылы қызметтерден түсетін табыс кітапхананың дамуына жұмсалатынына сендірді.

"Бірінші кезекте материалдық-техникалық базасын нығайтуға, содан соң кітапхана қызметкерлеріне үстемақы төлеуге, олардың біліктілігін арттыру мақсаттарына жұмсалуы мүмкін. Жалпы, тапқан қаржыны мекеме басшысының өзі даму жоспарына қосып, жоспарды уәкілетті органмен келіседі, содан кейін ғана шығындарды өздерінің дамуына жұмсайтын болады", – деді мәдениет министрінің орынбасары.

Депутаттардың мәліметінше, қазіргі кезде кітапханалардың жағдайы мәз емес. 40 пайызы әлі күнге интернетке қосылмаған екен. Цифрлық дәуірде әрбір кітаптың цифрлық нұсқаулары болу керек, алайда кітапханалар сол міндетін жүзеге асыру үшін тиісті жарақтандырылмаған.

Қарапайым ксероксы, сканері, принтері жоқ кітапхана жетерлік. Олай болса, ақылы қызметтер арқылы олар материалдық базасын күшейте алады деген үміт бар. Бірақ бәрі директордың адалдығына, жемқорлыққа жол бермеуіне, пысықтығына байланысты болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу