Қазақстанда археологиялық материалдардың Мемлекеттік қорын жасау ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
"Бірыңғай ғылыми үйлестірудің болмауы. Қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме жоқ. Кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өзі бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр. Нәтижесінде – ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық. Мәселені қалай шешеміз? Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет нағыз археологиялық "ми орталығы" болады", – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Орталық енді қазба жұмыстарына мониторинг жүргізеді, ғылыми сараптама жасайды, бірыңғай ақпараттық жүйені басқарады және археологтарға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Сонымен қатар қай кезеңді, қандай ескерткіштерді зерттеуіміз қажет деген сұрақтарға да жауап беруге қауқарлы.
"Келесі мәселе – табылған жаппай жәдігерлер мен материалдарды сақтау жүйесінің жоқтығы. Археологтар жаппай жәдігерлерді табады, бірақ кейін сол табылған дүниелер қайда кетеді, қайда тапсырылады – біркелкі жүйе жоқ. Бірін сөрелерде шаң басып жатыр, бірі жоғалып кеткен, ал бір бөлігі есепке алынбаған. Енді біз археологиялық материалдардың Мемлекеттік қорын жасаймыз. Музейлік құндылығы бар жеке жәдігерлер заңда бекітілгендей музейге беріледі. Ал жаппай жәдігерлер мен табылған материалдар – депозитарийде, ғылыми ортаға ашық, қауіпсіз жағдайда сақталады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат бұл шешім археологиялық мұраның сақталуына мүмкіндік береді деп отыр.