ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп, шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрлік мәліметінше, жеңімпаздарға 3 айға дейінгі мерзімде жобаны жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін қаржы беріледі. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Байқауға тіркелген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар мен волонтерлік жобалар бойынша 18 жастан асқан жеке тұлғалар қатыса алады.
Гранттар мына бағыттар бойынша беріледі:
- волонтерлік бастамаларды дамыту (төтенше жағдайлар, экология, медицина, мәдениет, әлеуметтік бағыт, жануарларды қорғау) – 60 грант;
- инклюзивті қоғамды дамыту – 18 грант;
- ауылдық жерлерді дамытуға арналған бастамалар – 18 грант.
Айта кетейік, былтыр 136 шағын грант аясында белсенді азаматтар мен ҮЕҰ жобаларын жүзеге асырған. Нәтижесінде еліміз бойынша 10 мыңнан аса азаматқа нақты көмек көрсетіліп, 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.
Жобалар аясында 5 мың ауыл тұрғыны қамтылып, 1 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат кәсіп игеріп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Сонымен қатар 4 мыңнан астам адам волонтерлік қызмет, алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету және қарттарға күтім жасау дағдыларын меңгерді.
Волонтерлердің белсенді қатысуымен 400-ге жуық ерікті археологиялық экспедициялар жұмысына тартылған. Сондай-ақ ветеринарлық көмекке мұқтаж 352 жануарға көмек берілген. Экологиялық акциялар аясында 1 тоннадан астам қоқыс қалдығы жиналған.