Қазақстаннан 12 тонна жанармайды заңсыз шығармақ болғандар ұсталды

88

Елімізде заңсыз жанармай экспортына бақылау күшейтілді.    

Қазақстаннан 12 тонна жанармайды заңсыз шығармақ болғандар ұсталды Фото: polisia.kz

Шекара маңында орналасқан Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше басты назар аударылып отыр. Қазір мемлекеттік шекарадағы 48 автокөлік өткізу пунктінде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдері мен жанар-жағармайды көлемі ұлғайтылған жанармай бактарымен жабдықталған көлік құралдары арқылы ел аумағынан заңсыз шығаруды анықтау және оның жолын кесу бойынша кешенді шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау фактілерін, оның ішінде жол талғамайтын көліктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын әрекеттерді анықтау және тоқтату бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау өңірлерінде осындай құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ конструкциясы өзгертілген көлік құралдарын анықтау бойынша қосымша шаралар қолға алынған.

Сонымен қатар автокөліктерді заңсыз қайта жабдықтаумен айналысатын, қажетті тіркеу және рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Мысалы, Қордай ауданының Қордай ауылында полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп, қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету станциясын тексерді. Тексеру нәтижесінде 6 нысан иесіне айыппұл салынды.

Тек соңғы бір айдың өзінде полиция қызметкерлері шамамен 12 тонна жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесті. Қайта жабдықталған жанармай бактары бар 54 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды одан әрі жалғастырады. Оның ішінде мұнай өнімдері мен жанар-жағармайдың ел аумағынан заңсыз шығарылуына жол бермеу жұмыстары да бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу