Елімізде жалдамалы үйлердің 70% жасырын жалға беріледі

794

Нарықта 73 364 пәтер иесі заңды түрде жұмыс істейді.

Елімізде жалдамалы үйлердің 70% жасырын жалға беріледі

Қазақстанда жалдамалы үйлердің 70% жасырын жалға беріледі. Бұл туралы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Концепцияны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген.

"Урбанизация және еңбек көші-қоны жағдайында тұрғын үй қажеттілігін шешудің қолжетімді тәсілдерінің бірі тұрғын үйді жалдау нарығы болып саналады. Әлеуметтік сауалнама дерегінше елдегі жалға берілетін тұрғын үйдің көлеңкелі нарығы жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы нарығының 60-70% тең", - деп жазылған құжатта.

Қолданыстағы салық заңнамасы бойынша жеке табыс салығын (ЖТС) декларациялау, бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу (қалалар үшін 1 АЕК (2917 теңге) ауылдық елді мекендер үшін 0,5 АЕК) немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы тұрғын үйді жалға беру бойынша қызметті жүзеге асыру ережелері көзделген. Бұл ретте жеке кәсіпкерлерге (ИП) оңайлатылған декларация немесе 1-3% салық мөлшерлемесімен патент бойынша арнайы салық режимдері бар.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті inbusiness.kz порталының ресми сауалына "Тұрғын үйді жалға алушылардан ЖТС түріндегі салық түсімдерінің көлемі өсіп жатыр" деп жауап жіберген.

Мәселен 68.20.1, 68.20.2 ЭҚЖЖ қызмет түрлері бойынша қазынаға 2018 жылы 7 154 181 126 теңге, 2019 жылы – 5 281 759 864 теңге, 2020 жылы – 9 407 711 665 теңге, 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта 6 493 769 679 теңге салық төленген.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде елімізде жеке кәсіпкер ретінде 68.20.1 (жеке меншік жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару) және 68.20.2 (жалға беру (қосалқы жалға беру) және жалға алынған жылжымайтын мүлікті пайдалану) қызмет түрі бойынша 73 364 жылжымайтын мүлкін жалға берушілер тіркелген.

Оның ішінде 22 516 жеке кәсіпкер рантье патентіне ие, ал 40 143 жеке кәсіпкер оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейді.

1 494 адам жеке тұлға мәртебесінде үйін жалға береді. Олар жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырады. Қызметтің осы түрі бойынша жылжымайтын мүлкін салық агентіне жалға бермесе және бір жылдағы табысы 1 175 АЕК-тен (3 427 475 теңге) аспаса, жеке тұлға БЖТ-ны жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз төлеуге құқы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу