Елімізде жануарлардың 23 ауруына қарсы вакциналау жүргізіледі – АШМ

177

Ветеринарияны отандық вакцинамен қамтамасыз ету бойынша шаралар қолға алынған. 

Елімізде жануарлардың 23 ауруына қарсы вакциналау жүргізіледі – АШМ Фото: pixabay

Қазақстан бойынша 2024 жылмен салыстырғанда жануарлар аурулары ошақтары 51%-ға төмендеген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

"Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы жануарлардың 90-нан астам тізімдік аса қауіпті ауруларын анықтады, оның ішінде ел аумағында 23 ауруға қатысты вакциналау жүргізілуде. Жалпы, еліміз бойынша 2024 жылмен салыстырғанда жануарлар аурулары ошақтары 51%-ға төмендеген. Министрлік бруцеллез, ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл және т.б. сияқты аурулармен күрес стратегиясын жетілдіру бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық сарапшыларының қатысуымен жұмыс тобын құрды", – деді Аманғали Бердалин.

Жұмыс тобының қорытындысы бойынша сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып, күрес шаралары қайта қаралатын болады.

2024 жылдан бастап Қазақстанда ветеринария саласын отандық вакциналармен қамтамасыз ету бойынша шаралар іске асырылып келеді. 

"Сатып алу үлесі 34%-дан 78%-ға дейін ұлғайды. Барлығы 22 вакцина сатып алынады, оның 18-і отандық және 4-і импорттан. Бұл шара вакциналарды жедел және уақтылы сатып алуға оң әсер етеді. Импортты одан әрі алмастыру үшін отандық диагностикалық тест-жүйелердің өндірісін кеңейту қажет. Бұл бағыттағы жұмыс "Қазбиофарм" Ұлттық холдингімен жүргізілуде", – деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу