Мұндай шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда жеке кәсіпкерлер үшін несие рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді. Енді бизнес мақсатындағы қарыздарды алу кезінде жұбайының келісімі талап етілмейді. Бұл өзгеріс қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2025 жылғы 28 тамыздағы №50 қаулысымен бекітіліп отыр.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап егер азаматтар кепілсіз несие алса, міндетті түрде жұбайының келісімі талап етілетін.
Аталған заңнамадағы талап:
- жеке тұлғаларға – 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (2025 жылы шамамен 3,9 млн теңге) асатын қарыз алғанда,
- жеке кәсіпкерлерге – 2,7 мың АЕК-тен (2025 жылы шамамен 10,6 млн теңге) жоғары несие рәсімдегенде қолданылды.
Бұл ретте қолданыстағы кредиттер мен микрокредиттерді қайта қаржыландыру мақсатында қарыздар (микрокредиттер) беру кезінде келісім алу талап етілмейді.
Қаулы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2025 жылғы 30 маусымдағы Заңды іске асыру үшін қабылданды.
Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.