Елімізде жол жөндеу жұмыстарына бақылау тиісті деңгейде ме?

616

Қазақстанда 2012 жылдан 2021 жылға дейін республикалық жолдарды салуға, жөндеуге, реконструкциялауға, күтіп-ұстауға республикалық бюджеттен және қарыз есебінен бөлінген қаражатты пайдалануға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz. 

Елімізде жол жөндеу жұмыстарына бақылау тиісті деңгейде ме? Фото: kazlenta.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сенаторлардың сұрауына берген жауабында бұл жұмысты Бас прокуратура ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп атқарып жатқанын хабарлады. 2019-2021 жылдарға арналған және 2022 жылдың бірінші жартысында республикалық бюджет қаражатын игеру бойынша тексеруді есеп комитеті жүргізіп жатыр. Аталған жұмыстардың нәтижелері бойынша ақпаратты осы жылдың желтоқсан айында Сенатқа жіберуге уәде етілген.

                                Мерзімі кешіктірілген жөндеу жұмыстары

2022 жылғы қыркүйек айының аяғында сенатор Сұлтан Дүйсембиновтың бастамасымен бірқатар депутат мердігерлер тарапынан елдің автожолдарындағы жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіні, білікті мамандардың, қажетті техника мен жол саласындағы жұмысшылардың жетіспеушілігі туралы Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Олардың қолындағы ақпаратқа сәйкес, автожолдардағы күрделі жөндеу 2-3 жылға кешіктірілген, техника жиі бос тұрады. Мысал ретінде Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Үшарал-Достық, Қарағанды – Алматы, Сарыөзек – Көктал, Көкпек – Кеген – Қырғызстан шекарасы жолдарын келтіреді.

Сенаторлар мұны жолдарды жөндеу бойынша конкурстық рәсімдердің кешіктірілуімен, қаражаттың уақтылы бөлінбеуімен, жөндеу жұмыстарының барысын, жолдардың техникалық жай-күйін жүйелі қадағалау мен бақылаудың жоқтығымен байланыстырады. Сондай-ақ, Ұлттық жол активтері сапасы орталығы тарапынан бақылау жеткіліксіз дейді.

"Бүгінде жол-жөндеу жұмыстарына қатысатын субъектілердің тиісті техникасы мен мамандары бар-жоғын ешкім тексермейді. Сол себепті де конкурста ұтқан бас мердігер компаниялар өз міндеттемелерін үшінші тұлғаларға береді, бұл жауаптыларды анықтауда қиындық туғызады",- дейді сенаторлар.

                              Жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр

Депутаттық сауал авторларының айтуынша, жол сапасының нашарлығы жол-көлік оқиғалары көрсеткіштерінің жыл сайынғы өсуіне себеп болып отыр. Олар осы мәселе бойынша Жетісу облысы полиция басқармасының статистикалық деректерін мысалға келтіреді. Соған сәйкес 2020 жылы республикалық автожолдарда 144 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 48 адам қаза тауып, 223 адам жарақат алған. 2021 жылы 186 жол-көлік оқиғалары орын алды. Қаза тапқандар саны – 76, ал 368 адам жарақат алған.  2022 жылдың 7 айы бойынша 105 жол-көлік оқиғасында 45 адам қаза тауып, 157 адам зардап шеккен.

Сенаторлардың ақпаратына сәйкес, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылғы жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіне сәйкес, "жыл сайын жөндеу жұмыстарына жүздеген миллиард доллар жұмсайтын" Қазақстан жол сапасы бойынша 140 елдің ішінде 106-орында орналасқан.

                              Мамандар көбейе ме?

Әлихан Смайылов депутаттық сауалға жауап ретінде жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың жеткіліксіздігін іс жүзінде мойындады. Ол Ұлттық жол активтері сапасы орталығы жергілікті атқарушы органдардың өтінімі бойынша ғана жергілікті желінің жол-құрылыс жұмыстарының сапасына сараптама жүргізетінін атап өтті. Кейбір нысандарда сараптама айына 1 рет, кейде құрылыс маусымында ғана өтеді. Үкімет басшысы бұл жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалық параметрлерін толыққанды қамтуға мүмкіндік бермейтінін айтады. Әлихан Смайыловтың деректері бойынша осыған байланысты қазіргі таңда Сенатта қарауындағы "Көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында елді мекендердің жолдарын жөндеу жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде ведомстволық сараптама мен сапа сараптамасынан міндетті түрде өту бөлігінде түзетулер көзделіп отыр.

Сенаторлардың сұрауына берілген жауапта елдің барлық өңірінде автожол саласында білікті мамандардың тапшылығы байқалатыны атап көрсетілген. Қазақстанның 9 ЖОО мен 6 орта оқу орны жыл сайын бұл сала бойынша 1,7 мың маманды шығарғанымен, олардың саны жеткіліксіз екені анық делінеді. Үкімет салалық ұйымдарды оқу процесіне және өндірістік практикаға тарту мүмкіндігімен жұмыс істеп тұрған техникалық жоғары оқу орындарының базасында салалық жоғары оқу орнын құру есебінен кадр мәселесін шешуге ниетті. Бұл автожол саласы студенттерінің білім сапасын арттыру үшін қажет. 6В073 "Сәулет және құрылыс" жалпы мамандығынан "Автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы", "Темір жол құрылысы", "Өнеркәсіптік-азаматтық объектілер құрылысы" мамандықтарын бөлу жоспары бар. 

Жолдарды жөндеуге және салуға мемлекеттік сатып алуларға келетін болсақ, Үкімет басшысының айтуынша Қазақстанда EPC-келісімшартын қолдану мәселесі пысықталып жатыр. Келісімшарттың аталған түрі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, құрылыс жұмыстарын орындауға, жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуге арналған конкурстық рәсімдерді жүргізуді оңтайландырады деп көзделуде. Былай айтқанда, бұл жұмыстың барлық кезеңдеріне тек бір конкурс өткізу дегенді білдіреді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу