Елімізде жүк транзитінің басым бөлігі автокөлік пен теміржол көлігіне тиесілі

805

Елімізде жүк транзитінің басым бөлігі автокөлік пен теміржол көлігіне тиесілі

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында соңғы 5 жылда республикалық маңызы бар 4,2 мың км автомобиль жолдары, оның ішінде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында — 1,3 мың км салынып, жөнделгенін баяндады, деп хабарлайды mid.gov.kz.

Темір жол желілерінің ұзындығы 1 854 км-ге ұлғайды, "Арқалық – Шұбаркөл" және "Жезқазған – Бейнеу" учаскелері пайдалануға берілді, бұл Қазақстанның шығысынан батысына, әрі қарай "Өзен-Болашақ" темір жол желісі арқылы Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. "Боржақты — Ерсай" тармағы пайдалануға берілді және "Алматы — Шу" учаскесінің бірінші кезеңін салу аяқталды.

Құрық портындағы паром кешенінің темір жолдарын салу аяқталды. Қытаймен шекарада "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА-дағы құрғақ портының" инфрақұрылымы толық қалыптастырылды. Еліміздегі жұмыс істеп тұрған 18 әуежайдың 15-інде жөндеу жүргізілді және ҰҚЖ мен 11 жолаушылар терминалы салынды.

2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің "Логистика тиімділігі индексі" рейтингісінде "Инфрақұрылым сапасы" көрсеткіші бойынша 106-дан 65-орынға жоғарылап, позициясын жақсартты. ҚР ИДМ мәліметі бойынша, көлік-логистика саласын дамыту, оның ішінде жобалық басқару аясындағы шаралар бұл көрсеткішті де жақсартуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев ҚР инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бұдан өзге, ҚР ИДМ-не жүктердің қозғалысын ақпараттық сүйемелдеу мәселесін пысықтау және негізгі транзиттік дәліздердегі жол сервисі нысандарын ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру тапсырылды.

"ҚТЖ" ұлттық компаниясына контейнерлік тасымалдар көлемін арттыру бойынша жұмысты жандандыру және ел ішінде, сондай-ақ шет елде көлік-логистика орталықтары желісін уақытылы құруды қамтамасыз ету қажет. 

Айта кетейік, ҚР инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылы ЖІӨ құрылымындағы көлік саласының үлесі шамамен 7,8%-ды құрады, бұл кезде нақты көлем индексі 103,8%-ды құраған болатын. Жүк транзитінің басым бөлігі автокөлік пен теміржол көлігіне тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу