Елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады

182

Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда саласында еңбек етеді.

Елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады Фото: gov.kz

Мұндай ақпаратты Ұлттық статистика бюросы таратты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"2026 жылдың III тоқсанында Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Бұл – табыс әкелетін жұмысы болмаған, жұмыс іздеген және оған кірісуге дайын адамдардың үлесі", – деп хабарлайды статистика ведомствосы.

Іріктемелі зерттеу деректеріне сәйкес, аталған кезеңде жұмыс күшінің саны 9849,0 мың адам болды. Республика экономикасының түрлі салаларында 9403,4 мың адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 7247,7 мың адам жалдамалы жұмысшы (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 77,1%-ы), ал 2155,7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (22,9%) болды.

15 жастан асқан халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 64,3%-ды құрады.Былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 73,3 мың адамға өсті. Бұл өсім негізінен жалдамалы жұмысшылар санының артуы есебінен болды.

"Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда саласында (16,8%), білім беруде (13,3%), өнеркәсіпте (12,6%) және ауыл шаруашылығында (10,5%) тіркелді. Жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіптік даярлықтан өтпейтін NEET санатындағы жастардың үлесі 5,6%-ды құрады. 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9% болды", – делінген ресми мәліметте.

2026 жылғы қыркүйектің соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 346,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу