Қазақстанда жүргізушісіз автокөліктердің жұмыс қағидалары бекітілді. Көлік министрлігі тиісті бұйрықты жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ашық НҚА сайтындағы қағидалар 2026 жылғы 27 қарашадан бастап күшіне енеді. Құжат жолаушылар мен жүк тасымалдау кезінде пилотсыз көліктердің жұмысына қойылатын талаптарды айқындайды.
Құжатта пилотсыз көліктің қозғалысын бақылау үшін қашықтан басқаратын оператор тартылатыны айтылған:
- Ол көлікті кез келген сәтте өз басқаруына алуға құқылы. Бұл маман ауысым (рейс) алдында медициналық тексеруден өтеді.
- Егер пилотсыз автокөлік тәулік бойы пайдаланылатын болса, операторлар ауысыммен жұмыс істейді.
- Әрбір бағытқа шығар алдында пилотсыз көлік тексеріледі – ол барлық жүйесі толық жарамды болған жағдайда ғана жолға жіберіледі.
Мұндай көліктер тек белгіленген аумақ шегінде және қалыпты режимде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ауа райы жағдайында ғана жүре алады.
Техникалық ақау шыққан, өртену мен түтіндеу белгілері байқалған немесе байланыс толық үзілген жағдайда автоматтандырылған жүйе көлікті барынша қауіпсіз жерге дереу тоқтатады.
Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда да қашықтан басқаратын оператор автокөлікті дереу тоқтатуы немесе оның қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуі тиіс.
Бұған дейін пилотсыз автомобильдер 3 жыл бойы Алматы, Астана және Қосшы қалаларында cынақтан өткізілетіні айтылған еді. Сынақтар арнайы полигондарда да, жалпыға ортақ жолдардың белгілі бір бағыттарында жүзеге асырылады.
Цифрлық даму министрлігі Yandex Qazaqstan-мен бірлесіп Алматының жол инфрақұрылымының цифрлық картасын әзірлеуге кірісті. Бұл карта пилотсыз автокөліктерді іске қосудың технологиялық негізіне айналмақ.