Елімізде жыл сайын 1 800-ге жуық әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады

285

Жылына 600-ге жуық адам осы аурудың салдарынан қайтыс болады.

Елімізде жыл сайын 1 800-ге жуық әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылады Фото: canva

Аурудың даму қаупі, әсіресе 40 жастан кейін арта түседі.

Әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрлік хабарлауынша, Қазақстанда жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған ұлттық скринингтік бағдарлама іске асырылып келеді. Бағдарлама ісік алды жағдайларды және аурудың бастапқы кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді. Ерте кезеңде анықталған жағдайда бұл дерт толық емделуі мүмкін.

Ведомство клиникалық тәжірибеден мысал келтірді. 50 жастағы әйелде жатыр мойнының преинвазивті обыры жоспарлы профилактикалық тексеру барысында анықталған. Пациентке Ұлттық ғылыми онкология орталығында лапароскопиялық әдіспен радикалды хирургиялық ем жүргізілген. Операция барысында жатыр мойнымен бірге жатыр, аналық бездер және жатыр түтіктері алынған.

Операция III дәрежелі семіздікке байланысты техникалық тұрғыдан күрделі болғанымен, аз инвазивті лапароскопиялық әдіс асқыну қаупін төмендетіп, қалпына келу кезеңін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берген. Дәрігерлердің болжамы қолайлы, пациентті операциядан кейін 3-4 тәулік ішінде шығару жоспарланған.

Министрлік мәліметінше, жатыр мойны обыры ерте анықталып, уақтылы хирургиялық ем жүргізілген жағдайда толық жазылады. Сонымен қатар бұл аурудың алдын алуға болатыны да атап өтілді. Яғни, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі саналады. Бұл шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жою жөніндегі жаһандық стратегиясы аясында жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе әлемнің 148 елінде қолданылады.

Қазақстанда қыз балаларды адам папилломасы вирусына қарсы иммундау 2024 жылдан бастап Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу