Ішкі істер министрлігі "жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырудың өзіне айыппұл салынады" деген ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
"Әлеуметтік желіде "жылдамдықты тіркеу шегі төмендеп, енді сағатына 2 шақырымға асырудың өзіне айыппұл салынады" деген мазмұндағы бейнеролик анықталды. Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерген жоқ. Бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілік белгіленген жылдамдықты сағатына 10 шақырымға және одан жоғары асырған жағдайда ғана қолданылады", – деп хабарлады ІІМ.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық камералардың жұмыс тәртібіне ғана қатысты.
Яғни, олардың өлшеу дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегін нақтылайды.
"Бұл құжат жүргізушілерге ешқандай жаңа талап енгізбейді және жауапкершілікке тарту шегіне әсер етпейді. Осылайша "сағатына 2 шақырымға асыру үшін айыппұл салынады" деген мәлімдемелер - жалған. Аталған ақпаратты таратқан тұлға анықталды. Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.