Президент бала құқықтарын қорғау саласына ауқымды өзгерістер енгізетін "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңға қол қойды.
Заң кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың уақытылы алдын алудан бастап, шұғыл көмек инфрақұрылымын құруға, өңірлік бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқармаларын ашуға және бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Барлық негізгі нормалар ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және депутаттық корпуспен бірлесіп әзірленді.
Заң аясындағы маңызды жаңашылдықтың бірі – елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету кабинеттерінің ашылуы. Онда кәмелетке толмағандарға "бір терезе" қағидатымен кешенді қолдау көрсетіледі.
"Балаға қолайлы жағдайда алғашқы психологиялық көмек, сот-медициналық сараптама жүргізу, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алу сияқты кешенді шаралар қарастырылған. Бұл баланың көптеген ұйымдарға бару қажеттілігін жойып, оның психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында "баса назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу" институты енгізіледі", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ заңда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың бірыңғай вертикалін құру үшін өңірлік Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларын ашу көзделген.
Жаңа құрылымдар үйлестіру жұмыстарына, алдын алу шараларына, жедел қорғауға және "тәуекел тобындағы" балаларға көмек көрсетуге жауапты болады.