Шара барысында су айдындарынан және олардың жағалау аймақтарынан 60 мың тонна қоқыс пен иесіз балық аулау торлары жиналып, жойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Акция қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында өткізілді. Негізгі мақсат - су экожүйелерінің тазалығын сақтау, биоресурстардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру.
Экологиялық шараға экология департаменттерінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, студенттер, еріктілер және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Бекітілген кестеге сәйкес, акцияға Тобыл-Торғай, Есіл, Нұра-Сарысу, Зайсан-Ертіс, Жайық-Каспий, Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Шу-Талас аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары қатысты.
Жалпы алғанда, акцияға 1100-ден астам адам, 170 техника бірлігі, соның ішінде 59 су көлігі жұмылдырылды. Жағалау сызығының ондаған шақырымы толығымен тазартылды.