Еліміздегі су қорын қорғау саласындағы қолда бар үздік технологиялар тізімі жасалды

283

Күн тәртібінде 2025 жылға арналған кеңес жұмысының қорытындысы қаралды.

Еліміздегі су қорын қорғау саласындағы қолда бар үздік технологиялар тізімі жасалды  Фото: Cу ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігінде Ғылыми-техникалық кеңес отырысы өтті. Оған ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Былтыр ғылыми кеңестің жеті отырысы өтті. Онда елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ғылыми әлеуетті дамыту және су шаруашылығы саласына заманауи технологияларды енгізу жөнінде шамамен жиырма негізгі мәселе қаралды. 

Атап айтқанда, су қорын қорғау және пайдалану саласында қолда бар үздік технологиялар тізімін жасау, сондай-ақ гидротехникалық мелиорaция, су шаруашылығы нысандарын салу және пайдалану саласында кәсіби стандарттарды әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Отырыс қорытындысы бойынша Ғылыми-техникалық кеңес Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген қолда бар үздік технологиялардың негіздемелік тізімін мақұлдап, оны ведомствоның интернет-ресурсында жариялауды ұсынды. Сондай-ақ сарапшылар тізімді мерзімді түрде жаңарту қажеттігін атап өтті.  

Министрлік қолда бар үздік технологиялардың тізімін жасағанда, әсіресе экономиканың суды көп қажет ететін салаларына және беделді ғылыми-зерттеу институттары мен халықаралық ұйымдардың ғылыми негіздемесіне мән берді. Тізім стратегиялық және концептуалдық құжаттардың мақсаттары мен индикаторларына сәйкес дайындалды. Мысалы, Қазақстан Республикасының "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы, Су және Экологиялық кодекстер және т.б. 

Отырыста қатысушылар инновациялық және су үнемдеу технологияларын енгізу, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және саланың кадрлық әлеуетін нығайту ұсыныстарын да талқылады. 

"Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамыту және алға қойылған міндеттерді шешу үшін ғалымдардың еңбегі өте маңызды. Министрлік жүзеге асыратын әрбір жобаның ғылыми негіздемесі болуы тиіс. Қолда бар үздік технологиялар тізімі су ресурстарын тиімді пайдалану үшін ең нәтижелі әдістерді анықтауға мүмкіндік береді", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу