Қазақстандағы газ өндірісінің ахуалы туралы баяндама жасаған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бірқатар статистикалық дерек келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру 59 млрд текше метрді құрады. 2025 жылға арналған өндіру жоспары – 62,8 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында газ өндіру 17,2 млрд текше метр болды. Газ өндірудің негізігі өсімі Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған сияқты ірі кен орындары есебінен көзделеді, – деді министр.
Ерлан Ақкенженов газды 2025 жылға арналған болжамды тұтыну жобасына тоқталды.
– 2024 жылы тауарлық газ өндіру көлемі 28,7 млрд текше метрді құрады. 2025 жылға арналған өндіріс жоспары – 29,4 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында 7,3 млрд текше метр газ өндірілді. 2024 жылы ішкі нарықтың қажеттілігіне 21,2 млрд текше метр газ жеткізілді. 2025 жылға арналған болжамды тұтыну көлемі шамамен 21,3 млрд текше метр болмақ. 2024 жылы сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,7 млн тоннаға жетті. 2025 жылға арналған жоспар – 1,7 млн тонна. Сондай-ақ, 2025 жылдың I тоқсаны қорытындысы бойынша 2024 жылмен салыстырғанда шамамен жарты миллион тонна өндірілді, – деп сөзін жалғады ол.